Түркістан қаласында «ҚИССА СҮЛ – ӘНБИЯ» кітабының тұсауы кесілді
АвторЖанар Таңсық
Шілде айының 24-ші жұлдызында Түркістан қаласындағы заманауи үлгідегі “FARAB” әмбебап ғылыми кітапханасында «ҚИССА СҮЛ – ӘНБИЯ» кітабының тұсаукесері салтанатты түрде өтті. Кітапхана аумағында әдемі әуен шырқалып, шашу шашылып, домбырамен күй шертіліп, ән де орындалды.
Оқырмандармен жүзбе-жүз кездесіп, пікір алмасу мақсатында Санжар Керімбай, Мұхит Төлеген, Бағдат Құдияр, Айбек Нәби, Сәкен Нұрқабекұлы сынды кітап авторлары қошеметпен, көрермендердің ыстық ілтипаттарымен кітапхана сахнасы төріне шақырылды. Кең ауқымды ісшараны жүргізуші Сатанбай Құттығыз кітап авторларын ізгілікпен таныстырып, қиссалардың шығу тарихын, маңызы мен мәнін, берер тәлімі мен тәрбиесін халыққа баяндап жеткізу үшін авторлардың әрқайсысына мінберден сөз берді.
«Қисса сүл-әнбия» кітабын құрастыру үшін аңыз-қиссаларды ел аузынан тірнектеп жинағандарын, қызықты шым-шытырық оқиғаларға талай рет кездескендерін, тіпті шет ел асып, байырғы қазақ өміріндегі ауыз әдебиетін зерттеп, зерделегендерін айшықтап, көз-алдыңа келтіре дәлелдеп айтып берді. Әсіресе, Рабғузидің қиссаларынан тұңғыш рет кандидаттық диссертация қорғаған ғалым – Алма Қыраубаева екені тілге тиек етілді.
Ісшараның екінші кезеңінде “Отбасы хрестоматиясы” қорының жобасымен “Қисса сүл әнбия” кітабының тұсаукесер рәсімі жүргізілді. Ясауитанушы Зікірия Жандарбектің бастауымен жоғарыда аталған кітаптың тұсауы кесілді. Кітапхана қорына бірнеше кітаптар табысталды. Оқырмандар мен кітап авторлары арасында алтын көпір байланыс орнап, сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.
Несіпкүл ӨТЕБАЕВА,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі.