шымкент

Шымкент қаласында «Қисса сүл-әнбияның» тұсаукесері болып өтті

23 шілде күні Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының өнімі, қазыналы кітап «Қисса сүл-әнбияның» тұсаукесері болып өтті. Жастардың әлеуметтік және жеке дамуы мен жастар ұйымының қызметін қолдауға бағытталған ресурстық орталық бұл күні кітапсүйер талай жастың басын қосып, жаңа серпін, тың серпіліс бергені анық. Шіліңгір шілденің 45° ыстығы да ықыласты оқырманмен жылы жүздесуге кедергі бола алмады. Қоғамдық қордың директоры Бағдат Құдияр мырза бастап келген жоба жетекшісі Санжар Керімбай, авторлар Мұхит Төлеген, Сәкен Нұрқабекұлы, Айбек Нәбилер қазақ халқымен қайта қауышқан құнды қазына туралы оқырмандармен жүзбе-жүз пікір алмасу үшін әсем безендірілген орталық сахнасының төріне шығып, Шымқала жұртына керемет көңіл-күй, жайлы атмосфера сыйлап кетті. Барынша қарапайым, ресмиліктен ада, мамыражай кездесуде кітап авторлары ағынан жарылып, кітап жазудағы естеліктерімен бөліссе, оқырмандардың бірі қолтаңба жазғызып, бірі баласының тұсауын кестіріп мәре-сәре болып жатты. Бата мен тақпақ жаттап, сыр сөз бен қиссаны бойына сіңірген батыл балалар үлкен сахнаға шығып, білгенімен бөлісуге асықты. Олар да құр қайтпады: бірі үлкен ғалым ағасынан ақ бата алып жатса, енді бірі ұстазының қолынан автордың қолтаңбасы бар сары кітаптарды сыйға алып жатты. 600 орындық залдың жартысын толтырған жұрттың қарасы көп. Шамамен, 250-300-дей көзі қарақты оқырман кітап авторларын асыға күтіп, «Қисса сүл-әнбияның» жазылу тарихы туралы мағыналы әңгімесін байыппен тыңдады. Сондай-ақ, кеш қонақтарының бірі қисса мектебін ашқан ғалым Алма Қыраубаева апайдың шәкірті Фатима Жүніс апайымыздың естелігі де жүректі тербеді.

«Мифологияны тарихпен салыстыру қате. Екеуi екі түрлі ғылым. Қиссадағы оқиға тарихтағы обьективтi шындықтармен таласпайды. Қисса: роман, балет, опера сияқты ойды байытатын рухани ойынның бiр түрi дер едім. Ойын болғанда да ерекше ойын. Тiршiлiк қайғы мен қасiретке толып тұр. Өмiр шiркiн басы бiрiкпей, iркiт сияқты iрiп тұрады. Бiр шетiнен қуанышқа молығып жатсаң, екінші жағынан орны толмас бір өкінiшке ұрынып жатасың. Әйтеуiр қолың толығымен жетпейтiн бiр жанталас дерсің. Міне осы кезде қиссалар бізге жаңа мүмкіндіктер ұсынады», – дейді «Қисса сүл-әнбия» кітабында. Расында да, қиындықтан жол тауып, жастардың ерік-жігерін қайрайтын, жауапкершілігін арттырып, өзіне деген сенімін арттыратын қисса жанрының дәл бүгінгі күні берері көп. Оны баласының болашағына алаңдап анталаған оқырманның ықыласынан анық байқайсың.

«Бір жылдығын ойлаған ел бидай егеді, он жылдығын ойлаған ел ағаш егеді, мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының кеудесіне құндылықтың дәнін егеді» деген дана халқымыздың нақылына сай немересі мен баласын жетектеп отбасымен кітап оқып, кітап авторларының мәнді әңгімесін мұқият тыңдап жүрген ақылды ата-ананы көріп халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыратын, тұтас ұлт сапасын арттыратын жаңа Қазақстан ұрпағының өсіп келе жатқанына куә болдық. Лайым, ұзағынан болғай.

Аманбекқызы Жансая, филология магистрі

Похожие записи

4.5 2 голоса
Рейтинг статьи
Подписаться
Уведомить о
guest
2 комментариев
Старые
Новые Популярные
Межтекстовые Отзывы
Посмотреть все комментарии
Лейла
Лейла
2 лет назад

Керемет жазба! Жансая еңбегіңіз жемісін бере берсін! Қайсар рух тілеймін!

Лейла
Лейла
2 лет назад

Жансая Сіз көркем мінезді жансыз!