Отбасы хрестоматиясының 10 жылдық мерейтойы Алатау дәстүрлі-өнер театрында өтті
АвторЖанар Таңсық
Отбасы хрестоматиясының 10 жылдық мерейтойы Алматы қаласы, Алатау дәстүрлі-өнер театрында өтті.
700 адамға арналған зал лық толып, келген кісілер сыймай, орын жетпегендері есіктен сығалады дейді көргендер. Мерейтойдың тізгінін тележурналист Берік Есенбай ұстады. Халық түгел жайғасқан соң экранда бейнеролик қойылды. Бейнероликте Отбасы хрестоматиясы ұжымының осыған дейін атқарған жұмыстары мен жасаған жобалары көрсетілді. Бейнебаянды көріп, көзіне еріксіз жас алып отырған қалың көрерменді «Әсем-қоңыр» тобы «Сарыарқа», «Тойбазар» атты әсем әндерін сусындатты. Әннен соң кітап авторларының бәрі сахнаға шығып, марапаттау сәтіне кезек келді. 10 жылдың ішінде қорға еңбегі сіңген, көмегі тиген, лайықты деп таныған 40-қа жуық кісіге алғыс хат пен құттықтау сыйлықтары берілді.
Оқырмандар арасынан, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген және Мәдениет және Спорт министрлігінің вице-президенті Дәуешов Нұрғиса Мұратұлы мерейтойға арнайы сый-сияпатпен келіпті. Марапаттау сәтінен соң, күйші Нүркен Әшіров тебірентер күй тартты.
Әнші, жыршы, Қазақконцерт солисті Дүйсенбай Әлихан «Адамның жаралу қиссасы» және «Топырақ» жырларымен көпшіліктің жүрегінен орын алды.
Қазіргі таңда «Сары кітаптарды» оқыта отырып, баланың бойына құндылық дарытатын бірнеше жазғы лагерьлер ашылған. Күй артынан өн бойы ізгі әдепке толы бір топ бала ортаға шығып, бата, жыр, бесік жырларын тақылдап тұрып айтып берді. Оны көрген жұрт, «Болды, баламды осы жылдан қалдырмай лагерьге берем» деп нық бекініп кетті.
Дәстүрлі әнші Гүлнұр Нұрасыл «Бесік жырын» орындаса, Әліби Бекайдар «Молдабай» әнімен дүйім жұртты шулатып жіберді. Соңынан кітап авторы Санжар Керімбай «Тарихи тізбек» тақырыбында лекция оқыды. 3 сағатқа созылған мерейтой соңында Отбасы хрестоматиясы ұжымына Алматы қаласы әкімдігі ықылас гүлі сыйлады.