Біз туралы

1

2013 жылы Отбасы хрестоматиясы сериясымен шыққан алғашқы кітап “Әлдиден эпосқа дейін” жарық көрді. 2014-16 жылдары осы жұмыстың жалғасы ретінде “Салт-дәстүр сөйлейді”, “Сияр-Шәріп” кітаптары жарияланды. Бұл еңбектер оқырманның көңілінен шығып, әрқайсысы 5-6 реттен қайта басылды. 2017 жылы «Отбасы хрестоматиясы» жобасы қоғамдық қор ретінде құрылды. Кейіннен осы сериямен “Логотерапия немесе өмірге ғашық болу”, “Яссауи феномені”, “Өмірге ғашық болу”, “Махаббаттың мәні”, “Өркениетті адам”, “Әділ патша”, “Мың сұрақ”, “Экософия немесе киелі табиғат” сынды кітаптарды жарыққа шығарды. Кітаптардың жалпы тиражы 150 мыңнан асады. Кітап презентациялары Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Орал, Ақтау, Семей, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Талдықорған қалаларында өтті. Қор Венадағы ІІІ психотерапия мектебін қалыптастырған Виктор Франклдың Логотерапия еңбегін тұңғыш қазақ тіліне аударды. Осы еңбекті таныстыру мақсатында «Өмірге ғашық болу» тақырыбында түрлі лекциялар өтті. Әлемнің бірнеше елінде кеңінен қолданыс тапқан «логотерапия», «экософия» идеясын алғаш қазақ аудиториясына таныстырды. Экософия, әсіресе, әлемдегі туристік секторы дамыған елдерде танымал. Мысалы, 1964 жылы Тайланд, Малайзия, Сингапур, Индонезия елдерінде қолға алынып, қоршаған ортадағы жан-жануарды өлтірмеу, тиіспеу жайлы киелі аңыздарды халыққа насихаттап бастайды. Арада 30-40 жыл өткенде, екі ұрпақ ауысқанда бұл елдерде табиғи түрде туризм секторы дамиды. Қоғамдық қор экософия идеясын дамыту арқылы қазақ қоғамында да жан-жануарға, табиғатқа тиіспейтін мәдениет қалыптастыруды көздейді. Осы мақсатта түрлі лекциялар ұйымдастырып, батыс қоғамындағы экософия принциптерін қазақ тіліне аударып келеді.

2

Қор өзіне тән ерекшелік ретінде ҚИССА жанрын дәріптейді. Себебі бұл жанр 70 жыл СССР билігі тұсында қатаң цензураға ұшырап, халықтың санасынан өшуге айналған еді. Бірінші рет 2013 жылы қисса дәстүрін қайта тірілтіп, халыққа ұсынды. ХІІІ ғасырда өмір сүрген Рабғузидің «Қисса-сүл-әнбия» еңбегін қайта насихаттады. Рабғузидің «Қисса-cүл-әнбия» еңбегін негізге ала отыра философия-экзистенциялық талдау жасап қазақ қоғамына арнап кітап жазды. Қисса жанры бойынша 5 кітап жарық көрді. «Сакралды география» терминін де қазақ қоғамына алғаш таныстырды. 2013 жылы америка ғалымы Карен Армстронгтың еңбектерін ықшамдап аударып, «сакралды география» терминін әлеуметтік желілерде айналымға енгізді. Осы идеяның негізінде 2017 жылы «Яссауи феномені» кітабын жарыққа шығарды. Кітап қазақ дүниетанымындағы сакралды ұғымдардың қалай пайда болғанын салыстырмалы анализ тәсілімен түсіндіреді. Сондай-ақ қазіргі Батыс қоғамында өте танымал ғалымдардың идеясы, еңбектері, ғылыми жаңалығын қазақ қоғамына таныстыруды жоспарлайды.

3

Қордың жанынан «Білгім келеді» клубы ашылды. Клубқа жүзден аса студент мүше. Апта сайын түрлі тақырыпта тұрақты лекция өтіп тұрады. Клубқа Айдос Сарым, Бейсен Құранбек, Абзал Құспан, Еркін Шүкіман, логотерапевт Юлианна Сагдиева сынды қонақтар келді. Қор 2019 жылы Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының тапсырысымен «Жас отбасы» жобасы, жас отбасы бейнесін қалыптастыру, ата-ана болу жауапкершілігін сезінуді қолдау, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша қызметтер» жобасын жоғары деңгейде іске асырды. 2020 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты негізінде «Қазақстанда эко жобаларды танымал ету және дамыту» жобасын атқарды.