Мұхит Төлеген

Автор

Төлегенов Мұхит Жылқайдарұлы 22.09.1986 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Бұқарбай батыр ауылында туған. 2004-2008 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Филология» факультетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бакалавр бөлімін қызыл дипломмен бітірген. 2009-2011 жылдары Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Дінтану» мамандығы бойынша магистратурада білім алған. 2013-2020 жылдары Түркия еліндегі «Ерджиес» университетінде «Дін психологиясы» саласы бойынша докторантура оқып, PhD ғылыми дәрежесін алған.

2007-2010 жылдары «Үш қиян» республикалық газетінің бөлім редакторы қызметін атқарды. 2010-2013 жылдары Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 2013 жылдан бері «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры аясында мәдени, әдеби жобаларға атсалысып, бірқатар этнопедагогикалық, танымдық кітаптардың жариялануына үлес қосып келеді. “Әлдиден эпосқа дейін”, “Салт-дәстүр сөйлейді”, “Сияр Шәріп”, “Логотерапия немесе өмірге құштарлық”, “Яссауи феномені”, “Махаббаттың мәні”, “Мың сұрақ”, “Ecosophy немесе киелі табиғат”, “Қисса сүл-әнбия” кітаптарының тең авторы.

2018-2020 жылдары «Ұлттық аударма» бюросында «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жеті оқулықтың аудармасына қатысты және әдеби редакторы болды. Олар: Michael Ryan “Literary Theory: A Practical Introduction” Қазақша «Әдебиет теориясына кіріспе», Julie Rivkin, Michael Ryan “Literary Theory: An Anthology” Volume 1, 2, 3, Қазақша «Әдебиет теориясы антологиясы» 1, 2, 3 томдар, “The Cambridge History of World Music” Volume 1, 2, Қазақша «Әлем музыкасының тарихы. Кембридж антологиясы» 1, 2 томдар, Thomas Elsaesser “Film theory. An introduction Through the Senses”, Қазақша «Кино теориясы: Сезім тұрғысынан кіріспе» , Haled el-Poyauheb and Sabine Schmidtke “The Oxford Handbook of Islamic Philosophy”, Қазақша «Оксфорд оқулығы: Ислам философиясы».

2021 жылдың қаңтар айынан бері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Дінтану кафедрасында аға оқытушы және Теология факультетінің Ғылым және тәрбие бойынша декан орынбасары, сонымен қатар «Ясауитану» Ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері болып қызмет атқарып келеді. 

Ғылыми-педагогикалық қызметі барысында 35-ке жуық ғылыми еңбегі жарияланды, оның ішінде 31 мақала, 4 монографиясы жарық көрді.